.RU

Кеңес Нұрпейістің өмірі мен қызметі - Кеңес Нүрпейісұлы Нүрпейістің


Кеңес Нұрпейістің өмірі мен қызметі



Тақабаева Б.М. – оқытушы (Алматы, ҚазмемқызПУ)

Еліміз егемендік алғаннан кейін өзіміздің тарихымызды халқымызға, әсіресе жастарға үйретуге мол мүмкіндік ашылды. Тарихи сана жетілмей, тәрбиеленбей, өткенімізге дұрыс баға бере алмайтындығымыз кәміл. Сондықтан да, осы кезге дейін (тәуелсіздігімізді алғанша) хандарымыз қанішер, батырларымыз баукеспе ұры болып келді. Сөйтіп тарихи шындық бұрмаланды. Енді еліміз тарихының шаң басып жатқан шындық беттері ашылған кезде тарихи санамызды ояту үлкен мақсат болып отыр /1/.

Осы жолда отан тарихының шынайы болмысын ашып жазу мәселесін алғашқылардың бірі болып қолға алған Кеңес Нұрпейісұлы болатын.

Тарих ғылымында өзіндік із қалдырған ғалым, ұстаз Нұрпейіс Кеңес Нұрпейісұлы 1935 жылы наурыз айының 15 жұлдызында Алматы облысы, Кеген ауданы (қазіргі Райымбек ауданы), Саты ауылында дүниеге келген. Әкесі Нұрпейіс Нүсіпбайұлы кезінде колхоз құруға ат салысқан, сыйлы адамдардың бірі болған екен. Ұлы Отан соғысы қарсаңында ұсталып кетеді. Өзінің отбасы туралы Кеңес Нұрпейіс: «Өзім туралы айтсам, алыстағы бір сайдың ішіндегі, таудың бөктеріндегі бұрынғы Кеген, қазіргі Райымбек ауданы, Саты ауылында туып өскем. Бастауыш мектепті ауылда бітірдім. Шешем ерте қайтыс болып, әкем , «Ораз Жандосовпен таныстығы бар» делініп, халық жауы атанып, ұсталып кеткен соң, 4-5 жыл балалар үйінде тәрбиелендім. Әкеміз колхоздың бастығы болып жүрген, кейіннен ферма бастығы болған, сол кезде ұсталып кеткен. Әскерден жездеміз (немере әпкемнің жолдасы) келіп, солармен еріп Алматыға келдім.»/2/ -деп еске алатын.

Кішкентай Кеңес әкесін содан қайтып көрген емес, тек ол кісінің қуғындау қағазында «Карлаг лагерінде өлді (1943 ж.)» деп жазылған. Әкесі көзі тірісінде екі әйел алып, Кеңес Нұрпейісұлы екінші әйелі Айымжаннан туылады. Алайда, ол кісі К. Нұрпейіс екі жасқа толғанда сусамыр (қант диабеті) ауруынан қайтыс болып кетеді. Жөргегінде әкеден, одан кейін шешеден айырылған ол Нұрпейістің бірінші бәйбішесі Қойсынның қамқорлығында болады. Ол кісі де көп ұзамай қайтыс болады да, артында Қаниза деген қызы, Әли атты ұлы қалады. Сол Әли кішкентай Кеңесті жетектей отырып, ауылдан оншақты шақырым жердегі Қарабұлақ деген ауылдағы балалар үйіне апарады. Кеңес бес жылдай (1942-1946 жж.) сол жердегі бастауыш мектепте оқиды. 1946 жылы мектеп жабылып қалады. Әкелері соғыстан аман-есен келген балалар өз жанұясымен қайта қауышып жатса, ал тұлдыр жетімдер далада қалады. Бала Кеңес те әкесінің бір танысының үйінде отымен кіріп, күлімен шығып жүреді. Бірде оны әдеміше келген, қараторы келіншек іздеп келеді. Ол келіншек К. Нұрпейістің Тұрлыхан атты шөбере әпкесі болып шығады. Екеуі 1946 жылдың күз айында Алматыға келіп орналасады. Мұнда 1952 жылға дейін №18 Жамбыл атындағы ер балалар мектебінде оқиды. Оқу нәтижесі бойынша жақсы көзге түсіп, мектепті күміс медальмен бітіреді /3/.

Көрнекті ғалымның өмір жолына ерекше әсер еткен нәрсе, ол – әкесінің жазықсыз жазалануы болса керек. Себебі өзінің әкесі секілді көптеген қазақтың арыстай ұлдары жазықсыз жазаланып, тоталитарлық жүйенің құрбаны болды емес пе?

Тағылымы мол ғалымның Алаш мәселесін зерттеуге түрткі болған қандай оқиғалар екендігін жазушы Нұрлан Оразалин өзінің естелігінде былай деп жазады: Кеңес Нұрпейісов туралы әңгіме айтқанда, өзгені білмеймін, менің тілімнің ұшына еріксіз «алаш», «алашорда», «алаш арыстары», «алаш азаматы» деген төркінінде әлдеқандай ойды тербеп, жүректі қоздайтын киелі сөз, қасиетті ұғымдар тұрады.

Себебін іздей бастасақ, он тарау ойдың әуелгі тірелер тұсы – ғалымның зерттеушілік ғұмырының ең мол кезеңін алған алашорда тарихы. Екінші бір тұсы, өзі айтқандай балалық, балғын кезінен ұйқысы мен күлкісін ұрлаған «халық жауының ұлы» деген қара таңбаның көп жылдар бойы ізінен қалмауы. Үшінші бір тұсы – бесігін тербетіп, құндағын аялаған ел мен жердің, қазақ деген халықтың тарихына 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің қанды қырғын оқиғалары өткен Қарқара болып енгені. Осынау үш себептің жүгін арқалаған ұғымдар төркінінде тұлғалы ғалым, тұғырлы азаматтардың өмірге деген көзқарасын қалыптастырған ұлттық ой-жігердің, халықтық ар мен намыстың от-жалыны лаулап, елін, жерін сүйген жүректің жасыны ойнап тұрғаны күмәнсіз/4/.

Өзінің өмірбаянында: «1942 жылы С.М. Киров атындағы (қазіргі Әль-Фараби атындағы КазМҰУ) Қазақ мемлекеттік Университетіне оқуға түстім. Оқуды бітіргеннен кейін Қазақ ССР Ұлттық Академиясының тарих, археология және этнография Институтына жұмысқа қабылдандым. Осы уақыттан бастап (яғни 1958 жыл) еңбек және ғылыми қызметім басталды және кіші ғылыми қызметкерліктен бастап, ҚР Ұлттық Академиясының тарих ғылымдарының докторы, профессор дәрежесіне дейінгі жолды жүріп өттім. 1963 жылы кандидаттық диссертациямды, ал 1973 жылы докторлығымды қорғадым. Ғылыми зерттеудегі негізгі бағытым: ұлт-азаттық қозғалыстар тарихы, ұлттық-мемлекеттік құрылыс, Қазақстанның қоғамдық саяси өмірі, ХХ ғасырдағы аграрлық-шаруалар мәселесі» - /5/деп жазады.

К.Нұрпейіс оқудың алғашқы күнінен бастап-ақ тәлімгер-педагогтар мен бірге оқитын жолдастарының назарын табандылығы мен эрудициясына, сұңғыла ойы мен терең біліміне аударады. Төменгі курста жүрген кезінде-ақ оның ғылыми баяндамалары мен хабарламалары оқытушылар мен студенттердің үлкен қызығушылығын тудырады. Өйткені осы еңбектерінде Кеңес Нұрпейіс өзін дереккөздерге талдау жасай алатын, ең бастысы, кез келген аудиторияда өз ұстанымын сауатты әрі дәлелді көрсете білетін болашақ зерттеуші ретінде көрсетті. Сол кездің өзінде-ақ К.Нұрпейіс, негізінен, дәстүрден де алыстап кетпей, тарихшылар мен қоғам қайраткерлерінің түрлі пікірлерін тарих ғылымындағы жаңа үрдістердің тууы мен дамуын бейнелей отыра, өзіндік бір ерекшелікпен жинақтады. Сондықтан университетті үздік бітірген Кеңес Нұрпейістің білім ордасында қалдырылуына ешкім де таңданбады/6/.

Ғылым шыңына алғашқы қадамы сонау студенттік жылдардан бастау алады, қазақтың шынайы тарихын қайта жаңғырту, өткен өмірдегі «ақтаңдақтарды», сталинизм құрбандарының есімдерін халықтың зердесіне қайтару үшін аянбай нәтижелі еңбек етті. Еліміздің тарихындағы түбегейлі мәселелер бойынша тың пікірлер айтып, жаңаша көзқараста жазылған оқулықтар мен оқу құралдарының баспадан шығарылуына белсене ат салысты.

1958 жылы ақпанда К.Н.Нұрпейіс Ш.Ш.Уалиханов атындағы тарих, археология және этнография институтында кіші ғылыми қызметкер болып қабылданып, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының академигіне дейінгі жолдан өтті.

Бала кезінен білім шыңына өрлеп, осы мақсатта сан алуан қиындықтарды жеңе отырып, туған халқына, еліне еңбегі сіңген, ғылымға зор үлес қосқан ғалым дәрежесіне көтерілді.

Жас ғалымның ұстаздары, А.Н.Нүсіпбеков, С.Н.Покровский, Г.Ф.Дахшлейгер, т.б. болды, олар ғалымның қалыптасуына зор ықпал етті. Жаратылысы мен тегіндегі талабы ғылымның шыңына жетуге ықпал етті. Ғылымда жетістікке жетуін инемен құдық қазып, су шығарғандай болса, өзінің саналы өмірінде тарихтың сан-алуан шыңырау құдықтарын қазып, солардан шыққан шырынды сулар халқымыздың рухани сусынын қандырды. Талапшыл жас еліміздің азаматтық тұрмысының тарихын ғана емес, ұлттық мемлекеттің қалыптасуының, дамуының ең маңызды мәселелері, әсіресе, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылғы төңкерістер оқиғаларын, Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы мен азамат соғысы тарихын зерттеумен айналысты. Үлкен ізденістердің нәтижесінде «Қазақстандағы Кеңестер билігі үшін күрес», «Қазақстандағы Октябрь революциясы мен азамат соғысының тарихы», естеліктер жинақтары, «Орта Азия мен Қазақстандағы шетел интервенциясы және азамат соғысы» атты құжаттыр мен материалдар жинақтары және басқа да іргелі басылымдар жарық көрді. 1968 жылы ол орыс тілінде «Қазақстан Кеңестері жұмысшылар мен шаруалар билігін нығайту үшін күресте » атты монографиясын жариялады. 1972 жылы ғалым «Қазақстанның шаруалар советтері (1917-1929)» деген іргелі монография шығарып, соның негізінде «Қазақстанның шаруалар Кеңестері (ауылдық Советтерінің 1917-1929 ж.ж. құрылуы, нығаюы және практикалық қызметінің тарихы)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Еңбектері әділ де, көңілге қонарлық шешімін алып отырды.

Бұдан кейінгі жылдарда ғалымның зерттеу еңбектеріне 1918-1920 ж.ж. ұлттық-мемлекеттік құрылыс, Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының құрылу тарихы, Орта Азия Республикалары мен Қазақстанның ұлттық, территориялық межеленуі, Кеңес өкіметінің Қазақстандағы аграрлық реформалары, республикадағы қоғамдық-саяси өмір мәселелері енді. Олар: «Қазақстан Советтерінің І Құрылтай съезі», «Қазақстан – республикам менің», орыс тілінде «Қазақстан шаруаларының тарихы», «Қазақстан Кеңестерінің құрылуы» , «Куйбышев және Қазақстан» (В.С. Познанскимен бірігіп жазған) және басқа кітаптар/7/.

1978-1981 ж.ж. негізгі авторлардың бірі ретінде көне заманнан бүгінге дейінгі «Қазақ ССР тарихын» шығаруға қатысуы үлкен маңызы бар іс болды. Осы жұмысы үшін 1982 жылы Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының біраз ғалымдарымен біге Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алды.

Еліміздің тәуелсіздік алуына байланысты Отан тарихын терең әрі жан-жақты зерттеу мәселесі тұрды Осыған байланысты К. Нұрпейіс алғашқылардың бірі болып ХХ ғ. бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалыс тарихын, 1917 ж. ақпан және қазан революциялары мен Алаш қайраткерлері жетекшілік еткен Қазақ Автономиясының тарихын объективтік тұрғыдан зерттеу мәселесін көтерді және көп ұзамай өзінің «Алаш Һәм Алашорда» атты монографиясын жариялады . Сонымен бірге, «Алашорда» Автономиясының тарихын зерттейтін ғылыми мектептің негізін салушылардың бірі Т. Рысқұловтың өмірі мен қызметін зерттеуге үлес қосты.

Ол жоғарғы оқу орындарының 10-11сыныптарға арналған мен мектептер үшін Қазақстан тарихы бойынша оқулық пен оқу құралдарын жазуға белсене қатысып, көне заманан бүгінге дейінгі «Қазақстан тарихын» дайындауға ат салысты.

К. Нұрпейістің ғылыми редакторлығымен 15 жыл бойы «Қазақ ССР ҒА Хабарлары. Қоғамдық ғылымдар сериясы» журналының редакциялық алқасының жауапты хатшысы болды. 1998 жылдан бастап «Отан тарихы»журналының, Швецияда шығатын «Центральная Азия и Кавказ» қоғамдық-саяси журналы редакцияларының алқа мүшесі болды. «Қазақ тарихы» журналына редколлегия мүшесі, «Ұлттық энциклопедия» басылымдарының тарих секциясының төрағасы қызметін атқарды. 2004 жылы К.Нұрпейістің басшылығымен «Туған өлке» журналы шығарылды және ғалымның Отан тарихының өзекті мәселелеріне арналған 16 монография мен мақалалар жинақтары жарық көрді.

Қазақ тарихының ең қиын «ақ таңдақ» болып қалған мәселелерін зерттеп, өз елін шетелдерге де таныта білді. Әсіресе, Ресей, Түркіменстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерімен қатар Америка, Түркия елдеріне де Қазақстанды таныта білді.

Танымал ғалым ғана емес ұлағатты ұстаз, шебер ұйымдастырушы және жоғары білікті ғылыми кадрлар даярлауға үлкен көңіл бөлді. Талантты жастардың басын қосып, олардың болашақ ғылыми қызметтеріне бағыт беріп отырды. Осы бағытта Ж.Б.Аширбекова «Т.Рысқұловтың қоғамдық-саяси қызметі және тарихи зерттеу еңбектері», Ж.Қ.Ахметова «М.Шоқайдың қоғамдық-саяси қызметінің Түркістандық кезеңі (1917-1919 ж.ж.)» атты кандидаттық диссертациялары ғалымның басшылығымен үлкен табыспен қорғалды. Сондай-ақ К. Нұрпейістің ғылыми жетекшілігімен 38 кандидаттық, 9 докторлық диссертация қорғалды. Көп жылдар бойы Қазақ мемлекеттік қыздар педадогикалық университетінің тарих факультетінде профессор ретінде дәріс берді. Студенттерге үлкен білім бере жүріп, жас оқушыларының сана-сезімдерінде патриоттық рухты қалыптастыруға дұрыс бағыт бере алды. Жұмсақ мінезді, ақжарқын, әділетті ұстаз бола білді.

Академик 400 астам ғылыми-көпшілік жұмыстарының авторы. Олардың ішінде 20-дан астам монографиялар мен кітаптар бар. Тәуелсіз еліміздің тарихи санасын қалыптастыруға зор үлес қосты. Отандық ғылымға сіңірген еңбегі жоғары бағаланды. 1989 жылы Ұлттық Ғылым академиясының мүшесі, 2003 жылы толық мүшесі (академигі) болып сайланды. 1995 жылы ол «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталады. 1998 жылы К.Н. Нұрпейіске «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атағы берілді.

К.Н.Нұрпейіс өмірден озса да ғалымның ғылыми-ұйымдастырушылық қызметі мен тарихи мұрасы тарих ғылымына қосылған өзіндік үлесі бар бағалы туындылары, артында қалған шәкірттеріне баға жетпес мұра болып қалары сөссіз

ӘДЕБИЕТТЕР

1. АОММ, 1099-қор, 1-тізімдеме, 16-іс.71-б.

2. Сонда, 71-б.

3. АОММ, 1099-қор, 1-тізімдеме, 264-іс. 1-б.

4. Оразалин Н. Алаштұлғалы. // Хантәңірі.- 2008. -11 қазан. 3-б.

5. АОММ, 1099-қор, 1-тізімдеме, 151-іс. 22-б.

6. АОММ, 1099-қор, 1-тізімдеме, 252-іс. 12-б.

7.Кеңес Нұрпейісұлы Нұпейіс: Қазақстан ғалымдарының биобиблиографиясының материалдары – Алматы, 2005. 12 бет.

ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада академик К.Н. Нұрпейістің өмірі мен қызметі қарастырылған.

РЕЗЮМЕ

В статье рассматривается жизнь и деятельность академика К.Н. Нұрпеиса.

ЕРТЕ ЖӘНЕ ОРТА ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ



Монғол шапқыншылығы кезеңіндегі дулаттар



Тортаев С.Ә. -т.ғ.к.доцент(Алматы қ.,ҚазмемқызПУ)

Ғабжалилов Х.М. -т.ғ.к.(Алматы қ., Алаш орталығының төрағасы)

Дулат тайпасы монғолдардың қазіргі Қазақстан жерін бағындыруының қарсаңында өзінің этникалық территориясы болып табылатын Жетісу өңірін иеленіп отырды. Оны басы Рашид-ад-дин болып монғол тайпасына жатқызбақ болған әрекет сондықтан да тарихи шындықты аша алмайды. Аса беделді шығыстанушы В.В.Бартольдтің де осыны ескермей, Жетісу аймағы баяғы он оқ елі заманынан бері (VII ғасырдан) дулаттардың түркі тілдес бабаларының ата-мекені екенін ескермей, оларды монғол тайпаларына жатқызып жібергені өкінішті. Алғаш олардың мекені, ата-жұрты қарақытайлар мемлекетінің құрамында болды. 1212 жылдан бастап 1218 жылға дейін бұл мемлекетті Монғол үстіртінен қашып келген найман тайпасының ханзадасы Күшілік билеп-төстеді.

Шыңғысханның Күшілікті жеңуі дулаттар аймағында дінді қудалауды тоқтатты; 1211 жылдан бастап Шыңғысханмен байланыс орнатқан қара-қытайлықтардың бұрынғы дулат тайпасы сияқты мұсылман бодандары толық дін еркіндігіне ие болды. Қуғын-сүргіннен аман қалған қара-қытайлар да мұсылманша киінуге көшті. Орта Азияда қара-қытайлықтар билігінің ешбір белгісі – жазуы, құрылыстары сақталмады/1/ . Сөйтіп, Мұхаммед пайғамбардың дінінің таралуына қарсылық білдірушілер дереу құдайдан жазасын алып жатты. Ал ислам дініне сеніп, оны басшылыққа алып, нығайтып жатқандардың жолы оңынан болып, жастары ұзарып, бақыт құшағына бөленді/2/ Бұл әсіресе осы өңірдегі беделді дулат тайпасына қатысты болды.

Осындайда құрамына дулат тайпасының мекені де кірген қарақытайлар мемлекетін басып алған моңғол әскерінің Жетісу, Түркістан өңіріне басып кіруіне не себеп болды. Оған кім кінәлі еді. Оның нәтижесі қандай болды? – дегендей заңды сауалдар да туындайды.

Күшілік ханзада қаза тапқаннан кейін оның Түркістандық иеліктері Хорезмшахтың қол астына көшті. Бұған Шыңғысхан наразы болды. 1216 жылы Күшілік пен меркіт ханының ұлы Кудуды (Хуту) Жошы бастаған моңғол әскерлері қуып келіп, оларды Кили және Камих өзендерінің маңында талқандаған кезде моңғол әскерімен соғысуға Мұхаммед Хорезмшах та келді. Моңғол әскерінің «Бізге Хорезмшахпен соғысуға рұқсат жоқ, біз басқа жұмыспен келдік», - деген сөзіне құлақ аспай, Хорезмшахтың өзі соғыс бастап, осы соғыста өзі тұтқынға түсіп қала сақтады: баласы Жәлел-ад-диннің батырлығының арқасында ғана құтылды.

«Бұл қақтығыстың басталуына сұлтанның кінәлі екеніне қарамастан, Шыңғысхан өзінің бұрыннан қалыптасқан ұстанымына сай оған шабуыл жасағысы келмеді, әртүрлі жолдармен достық қатынасты сақтауға және көршілік құқын қорғауға тырысты. Сұлтан тарапынан ашу-ызасын туғызған, қалай да қарсы шара қолданып, өш алуды қажет қылған қылықтар жасалғанша ол (Шыңғысхан – авт.) онымен (Хорезмшахпен – авт.) күреске кіріскен жоқ»/3/. Бұл кезде Жетісу мен Түркістан өңіріндегі дулаттар Күшіліктің зобалаңынан кейін бейбіт өмірді аңсап, Хорезмшахқа да қарсылық көрсете қойған жоқ.

Шыңғысханның батыстағы күшті де қауіпті көршісі Хорезмшахпен тіл табысу мақсатымен 1216 жылы оған елшілік жібергені белгілі. Дулаттар мекені Шу, Талас өңірімен жүріп өткен бұл елшіліктің жергілікті жерде Шыңғыс ханды насихаттағанын айтпасқа болмас. Ол Хорезмшахтан өзін, яғни Шыңғысханды әмірші ретінде тануды талап етті. Сонда ғана екі елдің арасында тыныштық болатынына сендірген ол, одаққа біріксе, оларға ешкім қарсы тұра алмайтындығына Хорезмшахтың көзін жеткізбек болды.

Хорезмшах болса Шыңғысханның билігін мойындаудан үзілді кесілді бас тартты және ешбір себепсіз өзі соғыс бастамауға уәде берді. Егер бұл ұсыныс қабылданбаса, Хорезмшах күшпен жауап беруге дайын екендігін де жасырған жоқ.

Бірақ көп өтпей екі елдің арасындағы тыныштық Отырар қаласының әкімі Қайырханның монғол көпестерін қырып, олардың тауарларын тартып алуының салдарынан бұзылды. Шыңғысханның жағдайды біліп келу үшін Хорезмге жіберген елшісі тағы да өлтірілді.

«... Шыңғыс хаған сартауыл (Ортаазиялық Түркістан) еліне жіберген Ұқына бастаған жүз елшісі өлтірілгенін естігенде өз ордасында үлкен құрылтай шықырып: «Алтын арқанымызды сартауылдарға қидырып, қол қусырып отырамыз ба? Ұқына бастаған жүз жігітіміздің кегін қайтарып, сартауылдармен соғысып, егеске қысас істеп, сартауылдармен шайқасайық» /4/, деп Хорезмге соғыс жариялады. Осыдан соң 1219 жылы Шыңғысхан жазды Ертістің бойында өткізіп, аттарын жемдетіп алып, күзде онан әрі жылжыды. Жолында кездескен облыстардың бәрін басып алып, соғысуға келе жатқандығы туралы Хорезмшахқа хабар берді.

Бұл жорыққа Шыңғысхан жалаң моңғол әскерін ғана емес, сондай-ақ осы кезге дейін өз қоластына біріктірген түркі тайпаларынан да (керейт, қоңырат, жалайыр, меркіт, найман, қарлық, ұйғыр, арғын, дулат) жасақталған әскерді пайдаланды /5/. Дулаттар Шыңғыс ханның Хорезмшахқа барар жолында жатқан бірден бір саны көп түркі тайпасы еді. Оның үстіне олар Ұлы қағанды мойындайтындарын бірден мәлімдеді.

Бұл жорыққа дулат тайпасының да қатысуының бір дәлелі – Шыңғыс хан Жошыға «хушин тайпасынан шыққан Байқудың мыңдығын берді. Ол барунгарды, яғни оң қанаттағы әскерді басқарды», - деген дерек. Сол деректің авторы Хушидай-Байқу деген аға әмірдің болғандығын, оны Шыңғысханның Жошыға бергендігін, оның Бату әскерінің оң қанатын басқарғандығын жазады. Ол өмірнің соңында: «Мен қартайдым, қаусырадым, енді бұл істі атқаруға жарамаймын» деп өз орнына басқа адамды ұсынды»/6/.

Зерттеушілер/7/ «хушин» деген «үйсін» дегенді білдіреді, ал «Байку» деген Майқы бидің бұрмаланған аты деп түсіндіреді. Олай болса үйсіннің ішінде оның дулат тайпасының да өкілдері болды деуге толық негіз бар деп ойлаймыз. Жошының ғана емес, Шағатайдың да қол астына берілген екі мың әскердің құрамында дулат сарбаздары бар еді.

Күшілікті жойып, Жетісуды қарсылықсыз алған 1216 жылдан Отырарға жеткен Шыңғысханға 1219 жылға дейінгі уақыттарда Құланнан батысқа қарай Талас, Испиджаб өңірлеріндегі дулаттар да қарсылықсыз берілді де, оның әскерін толықтырды.

Сөйтіп, Шыңғысханның жаулау жорықтары негізінен жалпы алғанда моңғол тайпаларынан ғана емес, қазақты құраған көптеген іргелі тайпаларға арқа сүйеудің арқасында ғана мүмкін болды дей аламыз. Моңғол әскерінің құрамына кірген үйсін тайпалық одағындағы дулаттар 1219-1222 жылдары Отырарды, Жент пен Өзкентті, Сығанақ пен Баршынкентті, Ашынас пен Үргенішті Хорезмшахтан қайтарып алуға қатысты.

1220 жылы дулат тайпасының біраз рулары тұрып жатқан Қашқария да Шыңғысхан мемлекетінің құрамына кірді. Бұл қосылу қантөгіссіз, зардапсыз жүргізілді. «В последующее затем блестящее царствование монголов Кашгария достигла высшей степени процветания, до которого ни ранее, ни в последующее века она никогда не доходила»/8/ Бұл монғолдарды жалпы шығыс елдері мен халықтарын мақтауға ауызы бармайтын орыс халқының өкілі, Ресейдің бас штабының полковнигі А.Н.Куропаткиннің сөзі. Осы пікір Шыңғысханға қарсылықсыз берілген дулат, арғын, қарлық, т.б. тайпаларының дұрыс саяси шешімдер қабылдап, елді қырғын-сүргінге ұрындырмай, салт-дәстүрі, діні, шаруашылық жүйесі бір болып келетін Орталық Азия көшпенділерінің өркениетін өрлетуге үлес қосқандығының куәсі деп білеміз.

Дулаттар қоныстанған бұл өлкелердің рубасылары мен халқының Шыңғыс ханға өз еркімен берілуінің арқасында олар Қытайға, Мауренахр мен Батыс Азияға қарағанда, монғол шапқыншылығынан елеулі ауыр зардап шеге қойған жоқ. Монғол жаулап алушылығынан соң бұл өлкелерде болып қайтқан саяхатшылар дулаттар мекендеген аймақты мәдениеті гүлденіп тұрған ел еді деп суреттейді. 1220 ж. чжурчжен императоры Шыңғысханға Ву-гу-сун деген елшісін жіберді. Оның айтуынша қарақытайлықтар азайып қалған, олардың өзі де Хой-Худың, яғни мұсылмандардың салт-дәстүрін қабылдап, киімдерін киген. Жетісулық мұсылмандар басқа, жергілікті мәдениеттің христиандық өкілдеріне қарағанда әлдеқайда жауынгер халық болған/9/.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Бартольд В.В. Сочинения. Т.Ү. -546 б.

2.Рашид-ад-дин. Сборник летописей. Т.1. Кн. 2. -184 б.

3.Рашид-ад-дин. Сборник летописей. Т. 1. Кн. 2. – М. –Л., 1952. -190 б.

4.Моңғолдың құпия шежіресі. – Алматы, 1998. -176 б.

5.Рашид-ад-дин. Сборник летописей. Т.1,кн. 2. -274-275 бб.

6.Рашид-ад-дин. Сборник летописей. Т.1,кн. 2. -274-275 бб.

7.Востров В.В., Муканов М.С. Родоплеменной состав и расселение казахов. – Алматы, 1968. -25 б; Осындай пікірді Ш.Уәлиханов, А. Құнанбаев, Ш.Құдайбердіұлы, т.б. ұстаған. Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Т.1. – Алма-Ата, 1984. -275 б.; Қаақстан. Ұлттық энциклопедия. Т.6. Алматы, 2004, 2004. -314 б.

8.Куропаткин А.Н. Кашгария. – СПб., 1879. -79 б.

9.Туркестан со времени завоевания арабами до монгольского влдычества. Сост. А.Н.Самойлович. – СПб., 1903. – 137 б.

ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада Шыңғысханның Орта Азияға жорығы кезіндегі дулат тайпасының жағдайы баяндалады. Бұл тайпаның салт-дәстүрі, діні, шаруашылық жүйесі бір болып келетін моңғолдарға қарсылықсыз беріліп, дұрыс шешім қабылдағаны дәлелденген.

РЕЗЮМЕ

В статье описывается территориальное, политико-экономическое положение племени дулат накануне монголского завоевания. Доказывается, что дулаты, поступив разумно, избежали истребления.
  • Контрольная работа
  • Контрольная работа
  • Контрольная работа
  • Контрольная работа
  • Контрольная работа
  • Контрольная работа
  • Контрольная работа
  • Контрольная работа
  • Контрольная работа
  • Контрольная работа
  • Контрольная работа
  • Контрольная работа
  • Контрольная работа
  • Контрольная работа
  • Контрольная работа
  • Контрольная работа
  • Контрольная работа
  • Контрольная работа
  • Контрольная работа
  • Контрольная работа
  • Контрольная работа
  • Контрольная работа
  • Контрольная работа
  • Контрольная работа
  • Контрольная работа
  • © sanaalar.ru
    Образовательные документы для студентов.